Ойын мен рәсім (ритуал) - адамзат қоғамының аса маңызды әлеуметтік қарым-қатынас құралы

Авторлар

  • Kenzhekhan Matyzhanov М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты

Түйінді сөздер:

ойын, рәсім, феномен, ғұрып, әлеумет, қоғам, социум, мәдениет, қастерлі(сакральды) әрекет.

Аннотация

Мақалада ойын феноменінің рәсім (ритуал), ғұрып (обряд), салт-дәстүр сияқты мәдени-әлеуметтік категориялармен арақатынасы қазақ және түркі тектес халықтардың фольклорлық-этнографиялық материалдары негізінде қарастырылады. Ойынның адамзат қоғамының ең белсенді мәдени-әлеуметтік қарым-қатынас құралы ретінде адам өмірінің барлық саласымен қан тамырдай тарала байланысып жатқан кең өрісі, оның тарихпен етене кіріккен, адам тұрмысының барлық саласына дендеп енген, мәдениеттің ажырамайтын тұрақты элементі, халықтың әдет-ғұрпымен, салт-дәстүрімен, дінімен, өнерімен, қол өнерімен, саясатымен, ғылымымен, ойын-сауық, спортымен, әскери ойындарымен, білімімен, тәрбие ісімен, тіпті, экономика мен кәсіпкерлік саласымен де терең тамырласқан көп салалы, көп қырлы табиғаты сараланады.

Мақалада ойын мен рәсімнің өзара байланысының шарты болып табылатын онтологиялық мәні, архетиптік негізі мен тек-тамырының бірлігі анықталады, сондай-ақ олардың ортақ атрибуттары мен ерекше қырлары сөз болады. Мәселен, “Бақсы ойынындағы” көне наным-сенімдердің көрінісі, олардың аталған рәсімнің құрылымын жасақтаудағы рөлі, ойындық элементтердің рәсімдік кешенге кірігуі, бақсы тұлғасының көп қырлылығы, ойындық элементтер мен рәсімдік әрекеттердің ара қатынасы нақты мысалдармен дәйектеледі.

Ойындық мәдениеттің тегі арғы замандағы көне наным-сенімдерге, магияға, культтік табынуларға, ежелгі маусымдық немесе отбасылық ғұрыптарға барып тіреледі. Мәселен, науырыз кезінде ойналатын «Қалтырауық қамыр кемпір» мен «Ақ боран» арасындағы ойындық тартыс немесе қыз бен жігіт арасындағы «Қол тұзақ» ойындары қыс пен жаздың, ескі мен жаңаның, кәрі мен жастың, қыз бен жігіттің арасындағы күресті бейнелейді. Қалай болғанда да «жаз», «жаңа» мен «жас», «жігіт» жеңеді. Бір кездері ғұрыптық кешеннің құрамдас бөлігі болған бұл ойындық элементтер кейіннен өз алдына отау тігіп, жекелеген ойын ретінде бөлініп шықты. Олар өзінше  ірге тепкен сайын өздерінің алғашқы ғұрыптық мәнінен жырақтай түседі. Мұндай үрдісті біз арғы тегі рәсімдік кешеннен бастау алатын ұлттық ойындардың қай-қайсысынан болмасын байқаймыз.    

Түркі тектес халықтар арасында өте кең таралған, бүгінде ұлттық ат спорты ойындарының өзгеше бір түрі болып саналатын «Көкпар» ойынынан бұл құбылысты айқын көруге болады. Аты айтып тұрғандай, оның арғы тегі «көк бөрі» тотемінен шыққан. Оны автор Қырғыздар арасында бертінге дейін сақталған аңшылық кезінде қасқырды сойылмен соғып алған жігіттің оны алдына өңгеріп, алып қашатыны, ал қалғандары оны қуып жетіп тартып алуға тырысып, рәсімдік ойын жоралғысын жасайтын рәсімі арқылы дәлелдейді.

Мақаланың қорытынды бөлімінде мынадай түйіндеулер жасалады: Рәсім мен ойын өзінің рәміздік (символдық) сипатымен, астарлы мағынасымен, көп қатпарлы мәніменен (наным-cенімдік, діни немесе тұрмыстық) ғана емес, онтологиялық, гносеологиялық және аксиологиялық маңызымен де ерекшеленетін, көп қызметті, қос тінді (амбивалентті) және өзінше біртұтас әлеуметтік феномен.

Ойындық әрекет әрқашан адамның шынайылықпен қарым-қатынасының әмбебап тәсілі болып келген. Дәстүрлі рәсімдер мен ойындарда, мерекелерде әлем келбетінің өзінше сипатын ашатын белгілі мәдени жүйе көрініс тауып отырады. Ойын әлеуметтік ортада мәдени, адамгершілік басымдықтарды, жасқа, жынысқа, кәсіпке байланысты стеоретиптерді орнықтыруға ықпал етеді. 

Қазіргі кезде ойын әлеуметтік мәдени жағдайды, қарым-қатынас пен құндылықтар жүйесін, постмодерн дәуіріндегі адам санасындағы өзгерістерді көрсете отырып, дәстүрлі этномәдени тұғырынан ауытқып, космополиттік бағдарсыздыққа, жасандылыққа ойысып барады. Осының барлығы ойын мәдениетінің түбегейлі өзгеріске ұшырап, тіпті, дағдарысқа ұласып келе жатқандығын көрсетеді. Сондықтан ойын мәдениетінің тарихи тамырластығы мен әлеуметтік-коммуникативтік әлеуетін көтеру қажеттілігі бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Бұл өз кезегінде адам мен қоғам өмірін байсалды, өміршең бола түсуіне ықпал етеді.

Мақала ҚР БҒМ Ғылым комитетінің  АР08856460 «Ұлы дала ойындары (Ойындық фольклор): Ұлттық ойындардың ерекше мәдени құбылыс ретіндегі қоғамдық сананы жаңғыртудағы қызметі» гранттық жобасы аясында дайындалды.

Загрузки

Жарияланған

2021-09-15

Шығарылым

Бөлім

Мақалалар