Әлемдік фольклортанудағы «Фольклордың төрт функциясы» теориясы

Авторлар

  • Бекарыс Нұриман Анкара Қажы Байрам Велі Университеті,

Түйінді сөздер:

Фольклор, Фольклордың төрт функциясы, Уилиям Баском, теория, қызметі

Аннотация

Филология ғылымы саласындағы зерттеулер бірінші кезекте мәтінді танумен тығыз байланысты болып келеді. Осы бағыттағы ізденістер мен кешенді зерттеулер жаңа көзқарастар пен пайымдардың, теориялар мен зерттеу әдістерінің пайда болуына негіз болды. Солардың бірі, яғни халық ауыз әдебиетінің мәтіндерін саралауда туған көзқарас ретінде «Фольклордың төрт функциясы» (Four Functions of Folklore) теориясы айтылады. Оның тууына ХХ ғасырдың басында Б.К.Малиновский есімді ғалымның жасаған тұжырымы мен антрополог ғалымдардың пікірі себеп болады. Одан кейін араға 20-30 жыл салып ол тұжырым теорияға айналып, фольклор мәтінін зерттеудің тың әдісі ретінде ұсынылды. 1953-1954 жылы оны алғаш көтерген Американың фольклортанушы ғалымы – Уилиям Баском. Содан бері аталмыш тақырып «Америка фольклор қоғамына» мүше ғалымдар арасында қызу талқыланып, зерттеу нәтижелері «Америка фольклоры журналы» атты ғылыми басылымында жарияланып тұрды. Ғалым У.Баском халық ауыз әдебиеті мәтіндерін жинақтай келе, оның халық өміріндегі алатын орнын зерделейді. Нәтижесінде фольклорлық мәтіннің сейілдік, салт-дәстүрді қорғау, білім мен тәрбие беру және қалыптасқан көзқарас шеңберінен шығуды қолдау сынды негізгі төрт қызметін атап көрсетеді. Бұл теория ретінде қалыптасып, сол кездің өзінде ғылыми зерттеулер мен білім беру бағдарламаларында қолданыла бастады. Аталмыш тақырып 2000 жылдардан кейін түрік ғалымдары тарапынан да зерттеліп, білім беру мазмұнына енеді. «Фольклордың төрт функциясы» деп аталмаса да, мұндай көзқарастар ХХ ғасыр басынан бері қазақ ғалымдарының еңбегінде айтылып келеді. Алайда, Америка мен кеңес ғалымдарының арасында тығыз қарым-қатынастың болмауынан көптеген зерттеу еңбек назардан тыс қалып жатты. Сондықтан, бұл мақалада «Фольклордың төрт функциясы» теориясы, оны пайда болуы мен зерттелу тарихы қарастырылады. Ол үшін тақырыпқа қатысты алғаш пікір айтқан Б.К.Малиновский мен теорияны негіздеп берген У.Баском зерттеулері және басқа да ғалымдардың еңбегі негізге алынады. Аталмыш тақырыпқа қатысты мәселелер қазақ ғалымдарының пікірімен дәйектеліп отырады. Зерттеу нәтижесінде ғалым У.Баском айтқан фольклордың төрт қызметі жан жақты көрсетіліп, оның қазақ фольклорымен байланысы сараланады. Бұл өз кезегінде қазақ халық ауыз әдебиеті үлгілерін жаңа гуманитарлық білім аясында және әлемдік ғылыми байланыс негізінде зерттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, сала мамандарын даярлау барысында қолдануға болады.

Загрузки

Жарияланған

2021-09-15

Шығарылым

Бөлім

Мақалалар