Табиғат көрінісінің кинематографиялық бейне ретінде қалыптасуы мен дамуы

Авторлар

  • Еңлік Егеубаева Қазақ ұлттық өнер университеті
  • Назира Мұқышева Қазақ ұлттық өнер университеті

Түйінді сөздер:

табиғат, экокино, фильм, пейзаж, кинематографиялық бейне, кейіпкер, драматургия, жанр

Аннотация

Адам және табиғат тақырыбы барлық дәуірлерде ғалымдар мен өнер қайраткерлерін қызықтырып, толғандырды. «Табиғат» түсінігі заманауи ғылымда маңызды ұғымдардың біріне айналды. Қоғам, мәдениет, рух, адам болмысы секілді тағы да басқа түсініктерді табиғаттан бөліп қарастыру мүмкін емес. ХХ ғасырда ғылым мен техника үздіксіз дамыды әрі адамзаттың табиғатты өзіне бағындыру үрдісі үздіксіз жүрді.

Бүгінгі таңда табиғатты өнер туындыларының маңызды компоненті ретінде қарастыратын әлем өнертанушыларының жұмыстарын кездестіруге болады. Дегенмен, дүниетаным, географиялық ерекшеліктер әр ұлттың өнеріндегі табиғат түсінігіне жалпылама анықтама беруге кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан, кино өнеріндегі табиғат бейнесінің маңызын, қолданылу тәсілін түсіну үшін жан-жақты сараптамалар жүргізіліп, ұтымды тұстары мен кемшін қалып жатқан жақтарын саралап, ғылыми анықтама берген жөн.

Әлем кинематографындағы табиғат бейнесінің кино тіліне қалай әсер еткенін түсіну үшін, ең алдымен, табиғат бейнесінің пайда болу алғышарттары  мәселесіне тоқталуымыз керек екендігі түсінікті. Бірінші кезекте халықтық дүниетанымдағы табиғат түсінігі, өмір сүру философиясы қоғамның қоршаған ортасына байланысты екенін аңғаруға болады.

Мақалада кинематограф тарихындағы табиғат бейнесі жайлы жазылған материалдарды негізге ала отырып, Шығыс және Батыс киносындағы табиғатты қолдану ерекшеліктеріне кеңінен тоқталамыз. Кинематографта табиғат адам жанының, сезімінің айнасы, қорғау керек ұлы мұра ретінде алдыңғы қатарға шықты. Табиғат бейнесі алғашқыда швед фильмдерінен бастау алып, кейін француз авангардымен тығыз байланыста болды. Одан соң Францияның поэтикалық реализм, Италияның неореализм бағыттарында дамыды. Батыс Еуропа және Шығыс Азия халықтарының кинематографиясына табиғат көріністерінің кейіпкер бейнесімен байланысының айырмашылығын айқындау үшін әлемдік деңгейдегі киногерлердің  фильмдерін мысал ретінде алып, талдау жасалынады.

Биография автора

Назира Мұқышева, Қазақ ұлттық өнер университеті

Өнертану кандидаты, "Өнертану" кафедрасының профессоры.

Загрузки

Жарияланған

2021-12-15

Шығарылым

Бөлім

Мақалалар