Мұқағали Мақатаев поэтологиясы: өлеңдегі өлең мен ақын

Авторлар

  • Жанат Аймұхамбет Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ
  • Ш.С. Айтуганова Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті
  • Н.Ж. Бекеева КИМЭП Университеті

Аннотация

Мақалада қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Мұқағали Мақатаев өлеңдері поэтологиялық аспектіде талданады. Ақынның ұлттық поэзиядағы орны, өлеңдерінің ерекшелігі, көркемдік-бейнелілік жүйесі қарастырылады.

Суреткер туындататын өнер – ең алдымен суреткерлік зерделеудің жемісі. Өйткені ол өзі нысанаға алған мәселені тани отырып таныту мақсатында әрекет етеді. Өзі сезінген жайтты, өзі аңдаған құбылысты репцитиент қабылдауына жеткізу машақатты еңбекпен бірге, ең бастысы, ерекше талантты талап ететіні белгілі. Әдебиеттану парадигмаларының талаптары тұрғысынан келсек, көркем мәтіннің күллі құрылымдық қабаттары тікелей суреткер санасына, пайымына, көзқарасына, қабылдауына бағынышты.

Ұлт тағдыры мен  тарихы, ұлттық мәдениет, этноархаикалық мотивтер мен бейнелеулер, адам жанының қат-қабат сырлары, болмыс қайшылығы мен жан дүниедегі тынымсыз арпалыс – біз арнайы зерттеу нысанына алып отырған Мұқағали Мақатаев поэзиясының алтын өзегі. Ақынның ұлтымен бірге жасайтын өміршең өлеңдерінің мәнін терең тани түсу үшін оның әр өлеңнің тарихы мен тағдырына үңіле түскен жөн.

Мұқағали Мақатаев өлеңдерінің ішінде өлең және ақын туралы поэтикалық туындылары – өз алдына тұтас бір циклды құрайтыны белгілі. Ақынның рухы – өлең. Поэтология  ұғымын әу баста «өлең туралы өлең» деп пайымдаушылардың пікіріне осы тұрғыда түсіністікпен назар аударуға болады. Мұқағалидың бұл циклға шоғырланатын өлеңдері: «Өлең деген тумайды жайшылықта»; «Махамбеттер, Абайлар-ай»; «Қасым солай болмаса..»; «Қара өлең»; «Жырлар жазам»; «Төлегенге»; «Шау тартып қалыпсың-ау, қайран шабыт»; «Туады, туады әлі нағыз ақын»; «Сергей Есенинге»; «Әбділдаға»; «Өлең керек»; «Мен дағы өлең жазбаймын ермек үшін»; «Шаршадым білем»; «Автограф»; «Пушкинмен қоштасу»; «Адамды адам түсінбеу...»; «Жыр-ошақ»; «Фаризаға»; «Ей, ақындардың жарлары!»; «Есенин-Маяковский»; «Поэзия, менімен егіз бе едің?» және т.б. Ақын поэтологиясын зерттеуде осы циклдағы өлеңдері негізгі нысанға алынады.   Ақындық, өлең туралы өлеңдер – шығармашыл тұлғаның пайымы мен білігін, танымы мен талғамын айқындай түсетін арна екендігі талдаулар арқылы дәлелденеді. Мұқағалидың ақындық болмыс құпиясын шығармашыл тұлғаның көңіл күйі, әрекеті арқылы танытуға бейімдігі көрсетіледі. Ұлттық поэзиямыздағы Абай, Махамбет, Қасым, Әбділда, Төлеген ақындарға және шет ел поэзиясының көрнекті тұлғалары Пушкин, Есенин туралы өлеңдер тақырыптық, жанрлық тұрғыдан шығармашыл тұлға табиғаты мен тағдырын, өлеңнің өзіндік образын айқындайтыны зерделенеді. Шебер суреткер ретінде Мұқағалидың озық поэтикалық тәсілдер мен биік эстетикалық-көркемдік қабылдауды меңгергендігіне талдау нысанына алынған туындылары бірегей мысал екендігі тұжырымдалады.

Кілт сөздер: поэзия, поэтология, реципиент, шабыт, поэтикалық таным, цикл, нарративті желі, эксплицитті автор, имплицитті автор, символдық деталь, образ.

Загрузки

Жарияланған

2021-12-15

Шығарылым

Бөлім

Мақалалар