Қазіргі қазақ балалар поэзиясындағы көркемдік ізденістер

Авторлар

  • Гүлжаһан Орда М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты

Түйінді сөздер:

балалар әдебиеті, поэзия, өлең, тақпақ, поэма, сатира, фантастика, аңыз

Аннотация

Мақалада қазіргі қазақ балалар поэзиясындағы көркемдік ізденістер ғылыми сараланған. Е.Мұхамәдиқызы, С.Оспанов, Ұ.Есдәулет, Ә.Қайран, Ә.Ысқақ, К.Құныпияұлы, С.Әкірамұлы сияқты ақындардың балаларға арналған шағын жанрдағы лирикалық өлеңдерін талдау барысында көркем шығарманың танымдық, тәрбиелік, эстетикалық қызметі зерттеу нысанына алынған. Жас бүлдіршіндер мен өскелең ұрпақты еңбекке баулу, адамгершілік және ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру, отанды, туған жерді, өскен ортаны сүюге баулу – көркем шығарманың негізгі қызметтерінің бірі. Ақындар Астана, туған жер, ана тіл туралы өлеңдерімен балалар бойына отанға, елге деген патриоттық сезімдерін қалыптастыруға көңіл бөлген. Автор шағын жанрмен бірге жеткіншектерге арналған кең құлашты эпикалық шығармалардағы көркемдік ізденістерді сатиралық, фантастикалық, аңызға құрылған  поэмалармен тұжырымдаған.  

Көркем шығармалардың бала танымын кеңейтіп ойына ой қосатындығын төрт түлік мал, жан-жануарлар, құстар туралы өлеңдер растайды. Атап айтатын болсақ С.Оспанның «Бөдене», «Құр», «Қырғауыл», «Кекілік», «Балықшы», «Көкек», «Ақ ләйлек» деген құстар туралы бір-екі шумақтан тұратын тақпақтарының  танымдық тәрбиелік мәні өте жоғары. Ұ.Есдәулеттің жас бүлдіршіндерге арналған «Бағдаршам», «Шұбар тауық», «Жаңбыр», «Есеп сабағы», «Қарындаш», «Қыста», «Бұзау», «Құлын», «Лақ», «Төр. Текемет» өлеңдері балалардың танымын кеңейтіп, оларды жаңа мәліметтермен тәрбиелейді. Балалар ақын өлеңдерін оқу барысында жаманнан жирену, жақсыдан үйрену керектігін жан-жануарлар мен құстардың тұрмыс-тіршілігінен ұғынатын болады. Ал ақын Ә.Ысқақ өлеңді диалогқа құру арқылы балалардың жас ерекшелігіне қарап сауал қоюмен қоршаған орта туралы түсінігін қалыптастыруға шебер. К.Құныпияұлы ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық ойындардың мәнін аша түсіндірсе, С.Әкірамұлының өлеңдерінде ұлттық құндылықтарды насихаттаумен бірге бүгінгі тәуелсіздігімізді мақтан тұту, азаттығымызды асқақтату байқалады. Көркемдік ізденістердің қатарында айтыс жанрын жаңғыртуды айтуға болады. Ақынның айтысқа құрылған «Жеміс-жидектердің айтысы» шығармасын оқу барысында өзара бәсекелескен жеміс-жидектердің сөздерінен балалар олардың емдік қасиеттерін, адам баласына пайдасын білетін болады.

Мақала ҚР БҒМ Ғылым комитетінің АР08855695 «Қазіргі қазақ балалар әдебиетінің даму үрдістері» (1991-2021 жж.) гранттық жобасы аясында дайындалды.

Загрузки

Жарияланған

2022-01-04

Шығарылым

Бөлім

Мақалалар